Бір айда 60 мың қазақстандық жұмыс іздеп, ресми органдарға жүгінеді
«Соңғы айларда халықтың «Электрондық еңбек биржасына» қатысу қарқыны жоғарылауда. Жыл басымен салыстырғанда жұмыс берушілер тарапынан ұсынған бос жұмыс орындар саны 8,5 есеге өсіп отыр. Өз кезегінде жұмыс іздеп, түйіндемелерін жариялаған адамдар саны 8 есеге өскен. Нәтижесінде, жеті айда 333 мың адам «Электрондық еңбек биржасы» арқылы өздеріне жұмыс тапты, оның 57 пайызы тұрақты жұмыс орны», - деді министр онлайн режимде өткен Үкімет отырысында.
Сонымен қатар ол қазақстандықтар вакансия іздеп жұмыспен қамту орталықтарына да белсенді жүгініп жатқанын айтты. Орта есеппен алғанда, айына 60 мың адам жүгінді. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны жыл басынан 8 есеге артты. Ал жұмысқа орналастыру көрсеткіші 11 есе артып отыр. Қосымша ресми жұмыссыз 50,2 мың адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа қатысты арнайы төлемдер алуда. Оларға 7 айда 5,5 млрд теңге төленді.
Б. Нұрымбетовтың айтуынша, коронавирусқа қатысты шектеулер салдарынан табыссыз қалғандар үшін Әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы көлемінде төтенше жағдай кезінде (13 наурыздан 11 мамырға дейін) 4,6 адамға 322 млрд теңге берілді. Ал соңғы қатаңдатылған карантиндік (5 шілдеден 17 тамызға дейін) шетеулерде 2,3 млн адамға 174 млрд теңге төленді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздегі барлық мемлекеттік бағдарламалар әлеуетін ескере отырып, биыл 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған.
Бүгінде 743 мың адам осы шараларға тартылды. Оның ішінде Еңбек бағдарламасына 379 мың адам қатысуға ниет білдірген. Оларға кәсіпкерлікпен айналысуға 5 800 жеңілдетілген несие, 17 200 қайтарымсыз грант берілді.