Бір айда елордаға ұшақпен келген 3 мың жолаушы карантинге жатқызылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада коронавируспен ауырған 119 адам стационарда ем алып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір айда елордаға ұшақпен келген 3 мың жолаушы карантинге жатқызылды

«Қалада індетке шалдыққандар саны 14 710 адамға жетті, оның ішінде 14 069 адам немесе 96 пайызы жазылып шықты. Қайтыс болғандар саны - 318 (2,2%). 119 адам стационарда ем алуды жалғастыруда. Оның ішінде 114-і инфекциялық ауруханада, қалғандары карантин стационарында», - деді Т. Мұратов онлайн режимде өткен коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары бойынша баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 1020 орыны бар 7 аурухана қызмет жасауда, оның бесеуі инфекциялық (320 төсек), екеуі карантиндік (700 төсек).

«Жедел жәрдем қызметіне қазір тәулігіне қала тұрғындарынан 1 500-ден астам қоңырау шалынуда, соның ішінде үйге шақыртылғандар саны 1100-ден асады. Ал КВИ бойынша сұрақтармен телефон шалудың орташа саны 14-ке жетіп отыр», - деді басқарма басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, қалада 6 қазан мен 5 қараша аралығында 153 рейс қабылданды, яғни бұл шамамен 18 мыңға жуық жолаушы. Олардың арасында 3 028 жолаушы карантин стационарына жатқызылып, соның бесеуінде індет анықталды.