11:28, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Бір айда Каспий теңізінде 216 браконьер ұсталды - «Дауылпаз-2009» шарасы
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі «Дауылпаз-2009» жедел алдын алу шарасы барысында Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде 216 браконьерді қолға түсірді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Бас штабы бастығының орынбасары Кенжеберген Әбікеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ағымдағы жылы сәуірдің 25-інен бастап, бір ай бойы жалғасқан «Дауылпаз-2009» шарасы Ресей Федерациясы және Әзірбайжан Республикасының шекаралық ведомстволарымен бірлесіп өткізілді. Нәтижесінде бағалы балықтарды браконьерлік аулау үстінде 216 адам ұсталды. Олардың арасында ресейлік және әзірбайжан азаматтары бар. Браконьерлерден 78 жүзу құралы, 21 тонна бекіре тұқымдас балықтар, балықтың басқа да түрлерінен 6 тоннасы алынған. 78 жүзу құралының ішінде Әзірбайжан браконьерлері мінген 4 қайық, ал Ресей азаматтарынан 6 шағын жүзу құралы тәркіленді.«Бекіре тұқымдас балықтарды браконьерлік жолмен аулаудың негізгі ауумақтары және теңіз өнімдерін контрабандалық жолмен шығару арналары Маңғыстау облысындағы Итбалық аралдары, Бұрыншық, Сағындық мүйістері, ал Атырау облысының аумағында Орал-Каспий арнасы және Орал өзенінің балық өрлеу арналары, Ұқат және Жанбай аралдары болған», - дейді К.Әбікеев.Оның айтуынша, аталмыш шағын аралдарда браконьерлер балықты жинау, сақтау, өңдеу мақсатында уақытша кіші базалар жабдықтаған. Онда жанармай, балық аулау құралдары, ауыз су, тұз, тамақ өнімдері сақталатын болған.