Бір айдан кейін қазақстандық спортшылар мемлекеттік Әнұранды білуден сынақ тапсырады

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев мәлім етті.
Оның айтуынша, агенттік еліміздің символдары туралы толық ақпараты бар арнайы парақша басып шығарды. Олардың барлығы спортшыларға таратылды.
«Спортшыларға өзін-өзі ұстау ережелері түсіндірілді. Әрбір агенттік өкілі немесе құрама бапкері Олимпиада барысында бұл мәселені қадағалауда ұстап тұратын болады. Меніңше, Кувейттегідей әнұран оқиғасы болған жағдайда мінберден кетіп қалған дұрыс емес. Себебі Ұлттық федерацияның ережесі бір бөлек, Халықаралық Олимпиада комитетінің ережелері бір басқа. Егер өйтетін болсақ, спортшымыз жеңіп алған алтын медальдан шеттетіліп, жоғары жүлдеден қағыламыз», - деп атап көрсетті ол.
«Маусым айының бас тұсында спортшылар мемлекеттік Әнұранды білуден сынақ тапсырады. Сынақ агенттік қабырғасында қабылданады», - деді Т. Ермегияев.