«Бір белдеу, бір жол» стратегиясы Жібек жолы бойындағы елдер бағдарламасымен үндесіп жатыр

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат -  «Бір белдеу, бір жол» атты стратегия аясында халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі форумның ашылуында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин сөйлеген сөзінде  Қазақстанды үш рет еске алды, деп хабарлады Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті  тілшісі.

«Бір белдеу, бір жол» стратегиясы Жібек жолы бойындағы елдер  бағдарламасымен үндесіп жатыр

Ұлы Жібек жолы тарихына тоқталып өткеннен кейін оның маңындағы  негізгі  қалалардың бірі ретінде Алматы аталды, қытай көшбасшысы «Бір белдеу, бір жол» бастамасына тоқталды.

 «2013 жылы күзде Қазақстанда және Индонезияда «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мен «21-ші ғасырдағы Теңіз Жібек жолын» бірлесіп қалыптастыру бойынша көтерілген бастамалар «Бір белдеу, бір жол» бірыңай бастамаға біріктірілді», - деді ол.

Оның айтуынша, өткен 4 жылда 100-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдар БББЖ-ны қолдап, қатысуға қосылды. БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің маңызды шешімінде осы бастамаға сілтеме де бар.

«Біз саясатты көрші мемлекеттермен үйлестіретін болдық, олардың қатарында  Ресей, Еуропалық экономикалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының өзара тәуелділік кешенді жоспары, Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы, Түркияның «Орташа дәліз» бастамасы, Моңғолияның «Даму жолы», вьетнамдық «Екі дәліз және бір шеңбер» бағдарламасы, Британияның «Солтүстік экономикалық орталығы» және тағы басқа елдердің даму бағдарламалары», - деді Цзиньпин.

Соңғы төрт жылда атқарылған жұмыс нәтижелері жайлы баяндаған ҚХР Төрағасы Қазақстанға тағы бір рет тоқталды. 

«Осы төрт жылда біз сауда-саттықтың өскенін көрдік. Қытай сауда, инвестиция және бизнес-орталарын ынталандыру мақсатында басқа да мемлекеттермен жұмыс істеді. Менің білуімше, Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдерінен Қытайға экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің кеден арқылы өтуі 90 пайызға қысқартылған», - деді мемлекет басшысы.

29 мемлекет және 3 халықаралық ұйымның (БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры) қатысуымен өтіп жатқан форумға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  қатысып жатқандығын естеріңізге саламыз.