Бір донор бес адамның өмірін құтқара алады - Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы
АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінде бір донор бес бірдей адамның өмірін сақтай алады. Бүгін журналистерге сұхбат берген «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова осылай мәлім етті.
«Негізі, бүгінде бір донор, яғни дені сау адам қайтыс болғанда, онымен бірге, кем дегенде, үш адам о дүниелік болып жатады. Неге? Себебі олардың біреуіне жүректі, екіншісіне - бүйрек, ол бүйректі екі адамға да салуға болады. Сосын оның бауыры мен ұйқы безі тағы екі адамды ажалдан арашалай алады. Демек, бүгінде бір донор бес бірдей адамның өмірін құтқармақ», - дейді М.Бекбосынова.
Маманның айтуынша, қайтыс болған адамның органдарын донор ретінде қолдану үшін жақын туған-туыстардың келісімін алған дұрыс. «Дегенмен, ондай жағдайларда көз жұмған адамның туыстары бір келісімге келе алмай, ұзақ кеңесіп жатады. Ал ол кезде уақыт өтіп, донордың органдары жарамай қалады. Оны дер кезінде алу қажет», - дейді М.Бекбосынова.