«Бір ел - бір тағдыр» қағидатын Қазақстан халқының 93,8 пайызы қолдайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделі: Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі кеңістігіндегі тәжірибесі» атты АӨСШК Ұлттық мәдени орталықтарының халықаралық форумы өтуде.
«Бұл форум біздің елімізде кең ауқымда аталып өтетін Астана күні мерекесі қарсаңында өткізіліп отырғаны ерекше мағына береді. Өйткені бұл мереке тәуелсіз Қазақстанның өркендеуінің, халқының әл-ауқатының артуының, өз дамуында жаңа биіктерді бағындыруының ерекше көрсеткішіндей. Біз 20 жылдан астам уақыт Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жария етіп, тарихқа «қазақстандық жол» деген атаумен енген бейбітшілік пен келісім жолымен жүріп келеміз», - деді жиынды ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.
Оның атап өтуінше, Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан халықты ұйыстырудың негізгі принципі ретінде «бір ел, бір тағдыр», «тегі басқа, теңдігі бір», «ұлттық рух» сияқты қағидаттар белгіленген. Бүгінгі таңда бұл жұмыс өз нәтижесін де беруде.
«Бір ел - бір тағдыр» қағидатын халықтың 93,8 пайызы қолдап отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтарының 95 пайызы «біртұтас Қазақстан халқының өкіліміз», дейді. Бұл Қазақстанның ең нәтижелі жеңісі деп айтсақ, артық болмайды деп ойлаймын», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары.