Бір инновациялық жобаға 13 млн. жуық теңге бөлінетін болады -Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елімізде  2010  жылы алғаш рет  технологиялық бизнес-инкубациялау бағдарламасы ашылған болатын.

Бір инновациялық жобаға 13 млн. жуық теңге бөлінетін болады -Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік

 Содан бері 314 өтініш  қаралып, жалпы сомасы 405,0 млн.  теңге соманың  76  жобасы  қаржыландырылды,  деп хабарлады  Технологиялық даму жөніндегі  ұлттық агенттіктің басқарушы директоры Гүлнәр Есенғазина Pm.kz сайтына берген сұхбатында.

«Ағымдағы жылы технологиялық  бизнес-инкубациялау бағдарламасы бойынша бір инновациялық жобаға  қарастырылған қаржы сомасы 13 млн.  жуық теңгені  құрайтын болады. Өткен  жылдардағы тәжірибелер ескеріле отырып, Бағдарламаның тұжырымдамасы  қайта  қаралды. Атап айтқанда,  ағымдағы  жылы  біз 20  өтінішті іріктеп аламыз»,- деді Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің Инноваторлармен  және өңірлермен  жұмыс жөніндегі  орталығының директоры өз сөзінде.

Г.Есенғазинаның  айтуынша, бүгінде   әлеуетті  қатысушылардан  90 шақты өтініш түсіп отыр, әр өңірдегі технопарктеннен  орта  есеппен - 5-10 өтініштен. Өтініштерді қабылдау  17 қыркүйекке  дейін  жалғасады.

Агенттіктің  басқарушы  директорының   ақпаратына сүйенсек,   бағдарламаға қатысушылар  жобаны іске асыруға қажетті  барлық қызмет  түрін технологиялық парктердің аумағында тегін алады, атап айтқанда  заңгерлік және   бухгалтерлік   қызметтерді,   жобалау менеджерінің  қызметін,   жобаны және әкімшілік қолдау қызметтерін,   бизнес-жоба жасау  барысындағы маркетингілік және экономикалық қолдау көрсету және  т.б. қызметтер.    Жабдықтар сатып  алуға  қажетті   шығындар мен  іссапар шығыстары  да,  кеңсе  тауарлары  да  технопарктердің есебінен қарастырылады.

Технологиялық бизнес-инкубациялау бағдарламасы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің басқаруымен жүзеге асады. Бағдарламаның мақсаты - инновациялық жобаларды ілгерілетудің бастапқы кезеңдерінде бастамашыларға қолдау көрсететін қызметтерді қаржыландыру болып табылады. Бағдарламаға Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген әлемдік тәжірибе негіз болып отыр.

«Технологиялық бизнес-инкубациялау бағдарламасының аясындағы жобаларды іске асырудың  нәтижесінде біз  Қазақстан нарығына өз бетінше  шыға алатын    шағын  кәсіпкерлік  субъектілерін   өсіреміз»,-  деп түйіндеді өз сөзін  Гүлнәр Есенғазина.