Бір күн ішінде 289 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 28-30 қазан күндері аралығында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің қызмет ету аумағында «Тәртіпсіздік пен құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» атты республикалық кең ауқымды акция өтуде, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.
29 қазан күні рейдтік шара барысында «Ерейментау-Көкшетау» және «Астана-Қарағанды» бағытындағы жолаушылар поезы тексеріліп, Астана станциясының 10-ауданында азаматтардың темір жол бойындағы белгіленбеген жерлерден өтуінің, жарақат алуының, жолаушылар поезындағы шұғыл тежеу және терезе сындырудың алдын алу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды. Сондай-ақ темір жол вокзалындағы ұсақ құқықбұзушылықты болдырмау жұмыстары жүргізілді. Мәселен, рейд кезінде темір жол бойындағы белгіленбеген жерден өткен Астана қаласының 50 жастағы тұрғыны ұсталып, ҚРӘҚБтК 439 бабының 5 бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейдтің алғашқы күнінде Көліктегі ІІД қызмет көрсету аумағында 289 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 26-сы ұсақ бұзақылық жасағандар, 63-і қоғамдық орындарда ішімдік ішкен, 34-і тыйым салынған жерлерде шылым шеккен, сонымен қатар түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген 4 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.
Көліктегі ІІД қызмет көрсету аумағында Департамент қызметкерлері темір жолға жақын тұратын тұрғындармен 42 кездесу өткізіліп, құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» принципінің негізінде атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын түсіндірді.