Бір күнде Алматыда ұрланған үш көлік қылмысының ізі суымай ашылды
АЛМАТЫ. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Өткен тәулікте Алматыда тіркелген үш көлік ұрлау қылмысының ізі суымай ашылды. Бұл қылмыстарды Жол полициясы басқармасы экипаждары, учаскелік уәкілдер және де көлік қылмысын ашу бөлімінің қызметкерлері бірлесіп әшкереледі.
Өзгенің көлігін иемденіп кеткені жайындағы бірінші мәліметті полиция органдарына Жетісу ауданының тұрғыны түнгі сағат он бірлер шамасында хабарлаған. Жәбірленушінің айтуына қарағанда, оның үйінің ауласынан «Рено» маркілі жеңіл автокөлігі қолды болған.
«Қала бойынша «Құрықтау» жоспары енгізіліп, барлық полиция бекеттеріне қолды болған көлік жайлы толық ақпараттар берілді. Араға 13 минут салып Ниязбеков көшесінде бұл темір тұлпар ЖПБ экипажының назарына іліккен. Көлік тізгінінде отырған 31 жасар ер азамат темір тұлпар иесінің туған ағасы болып шықты. Есірткінің буына елтіп алған ол бұл қылмысқа не үшін барғандығын толықтай түсіндіре алмады. Кейінірек белгілі болғандай, қылмыскер бұрын есірткіге қатысты қылмысы үшін жауапкершілікке тартылған болып шықты»,- деп мәлімдеді Алматы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының бастығы полиция полковнигі Арман Сарбасов.
Дәл осы күні кешкі сағат тоғыздар шамасында Жедел басқару орталығына «Ақсай» ықшам ауданының тұрғыны хабарласып, бір жарым сағат бұрын «Қалқаман» ықшам ауданындағы құрбысының үйінің жанынан «Тойота Хариер» автокөлігінің қолды болғандығы жайында ақпарат берді.
«Қылмыскерді іздестіруге бірінші болып атсалысқан учаскелік уәкіл жаяу жүргіншілер мен көршілерден жауап алу нәтижесінде күдіктінің кескін-келбеті жайында мағлұмат алады. Өз кезегінде учаскелік уәкіл жасалған тұспалды фотокескіндемеден учаскелік бөлімде есепте тұратын көршілес көшенің тұрғынын таниды. Араға 40 минут салып қолды болған көлік өз иесіне қайтарылды. Ал, еш жерде жұмыс істемейтін көлік ұрлаған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды»,- деді Арман Сарбасов.
Бұл аралықта Криминалды полиция басқармасының жедел уәкілдері «Фольксваген» автокөлігін қуып әкеткен 19 жасар жас жігітті құрықтаған болатын. Оның айтуына қарағанда, ол көлікпен қала көшелерін қыдырып қайтпақ болған. Алайда, жедел іс-шаралар нәтижесі қылмыскердің техникалық жөндеу орталығында жұмыс істейтіндігін анықтағаннан кейін жедел уәкілдер қылмыскер бұл көлікті бөлшектеп сату мақсатында ұрлаған деген болжам жасап отыр. Қазір бұл іс бойынша, тергеу амалдары жалғасуда.