Бір қызметкер 20 қылмыстың бетін ашты - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында салық саласының мөлдірлігін арттыру, «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын тетіктерді іске қосу қажеттігін атап көрсеткен еді. Осы орайда бір жылдан астам уақыт бұрын мемлекеттік кірістер департаменті құрамында құрылған экономикалық тергеулер қызметі қаржы, салық және кеден саласындағы экономикалық қылмыстарды ашып келеді.

 Бір қызметкер 20 қылмыстың бетін ашты - БҚО

Атап айтқанда, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеулер қызметі көлеңкелі экономикамен күрес басқармасы заңсыз кәсіпкерлік қызметке және жалған ақша жасаушылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бас маманы - ерекше маңызды істер жөніндегі аға офицері Сабырғали Балғалиев өткен жыл қорытындысымен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жариялаған республикалық байқауда «Үздік жедел қызметкер» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Департаменттің баспасөз хатшысы Назар Қуанғалиевтің хабарлағанындай, 2015 жылы Сабырғали Базарғалиұлының жедел материалдары бойынша 20 қылмыстың беті ашылды. Оның жеке өзі облыс аумағына 758 мың теңге көлемінде жалған ақшаның кіруіне тосқауыл қойды, қылмыскерлер сотталды.

Өткен жыл басында 39 ойын автоматы тәркіленіп, 21 ойынхана жойылды. Жыл бойы ҚР ҚК 307-бабы 1-бөлігі бойынша 22 қылмыс ашылып, 41 жасырын ойынхана, 12 жасырын букмекерлік кеңсе, 1 ойын автоматтары залы, 1 жасырын казино әшкереленді. 2,783 млн. теңге тәркіленіп, мемлекет пайдасына жатқызылды. Қылмыскерлерге 6,144 млн. теңге айыппұл салынды.

С.Балғалиевтің тікелей қатысымен Ресейден құжатсыз битумды заңсыз тасымалдау дерегі бойынша 11 қылмыстық іс тіркелді.

Өткен жылдың сәуір айында қала аудандарының біріндегі қойманы қарау кезінде күмәнді марка жапсырылған 135 мыңнан астам шөлмек арақ табылды.

Сол секілді мамыр айында 68315 шөлмек алкоголь өнімін лицензиясыз сақтау және өткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Орал қалалық сотының үкімімен айыпты адамға 1 387,4 мың теңге айыппұл салынды. Оған қоса 17,5 млн. теңгенің алкоголь өнімі мемлекетке өткізілді.

С.Балғалиевтің жедел материалы бойынша 26,7 млн. теңгенің қымбат металдары заңсыз сақталған үш қойма анықталды. Осы дерек бойынша қойма иесіне 30 АЕК көлемінде айыппұл салынып, тәркіленген 26,7 млн. теңгенің металы мемлекет пайдасына жатқызылды.

Айта кетейік, С.Балғалиев 27 жаста. 2009 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін экономист мамандығы бойынша бітіріп, облыс кәсіпорындарында, 2011 жылдан қаржы полициясы органдарында қызмет атқарған. 2014 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша сырттай тәмамдаған ол сол кезде жаңадан құрылып жатқан БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қызметке келді.