Бір отбасыны опат еткен қылмыскер қолға түсті
АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда бір отбасы мүшелерін өлтіріп, бой тасалап жүрген қандықол қылмыскер қолға түсті.
Ағымдағы жылы 5 ақпан күні Алматының Түрксіб ауданындағы жеке меншік үйлердің бірінде айуандықпен өлтірілген үш адамның мәйіті табылған еді. Тексеру барысында 55 жастағы отағасы мен оның 48 жастағы әйелі, олардың 23 жастағы қызы пышақтап өлтірілгені анықталған болатын. Өткен күндері қалалық ІІД-і қызметкерлері осы атышулы қылмыстың бетін ашып, 32 жастағы қылмыскерді қолға түсірді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қылмыскер екіқабатты үйде ауқатты отбасы тұрады деп ойлап, оларды өлтіру арқылы олжаға кенелмек болған. Алайда марқұмдар қарапайым өмір сүрген.
«Бір отбасылы жанның өлі денесі кешкі сағат 5-тер шамасында табылды. Қылмыскер отбасы мүшелерінің үйінде болатынын алдын-ала жоспарлағаны байқалды. Тексеру нәтижелері бойынша қылмыскердің жеке басын бірден анықтадық. Бұған дейін ол бірнеше мәрте сотталған, оның ішінде адам өлімі де бар. Қылмыскер өте қатыгез әрекеттер жасаған. Тіпті төсекте жатқан ауру әйелді де аямаған. Біздің пайымдауымызша, қылмыскер ол үйді бай жанұя деп ойлауы себеп болған. Бұл қылмыскерді ұстау барысында расталды. Қылмыскер бұған дейін сотты болған. Қазіргі кезде ол өз қылмысын мойындады. Өзінің айтуынша қылмысты жүзеге асыруды бірнеше күн бойы жоспарлаған»,- дейді Алматықалалық ІІД-нің криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Амангелді Шідерқұлов.