«Бір сарынға түсіп кеткен әкімдер есебін өткізудің арнайы ережесін жасау керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 17 ақпан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бір сарынға түсіп кеткен әкімдер есебін өткізудің арнайы ережесін жасау керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Ведомствоға әскери кәсіптің беделін арттыру, жастар­ға патриоттық тәрбие беру жө­нін­дегі жұмыстарды күшейтуді тапсырған Мемлекет бас­шысы Қарулы Күштерді қаржы­ландырудың 2010 жылы 171 миллиард теңгені құрап, ал үстіміз­дегі жылы 200 миллиард теңгеге жеткенін атап көрсеткен. «Сіздердің міндеттеріңіз Қа­зақ­стан Қарулы Күштерінің бо­ла­шақ­та ХХІ ғасырдың әлемдік әс­кери стандарттарына сәйкес келуі үшін қажет дегеннің бәрін жа­сау», - деді Елбасы. Қорғаныс министрлігінің өткен жылғы атқарған жұмыстары, ағымдағы жылғы міндеттері және Президент жүктеген тапсырмалар жайында кеңірек білгіңіз келсе, «Қарулы күштер қуаты арта түсуде» деген мақалаға назар салыңыз.

Осы басылымда АҚШ-тың саяси ғылымдар докторы Руфь Нильсенның халқымыздың бірлігіне тағы бір мәрте сын болатын үлкен саяси оқиғаға, алдағы Президенттік сайлауға қатысты пайымы жарияланып отыр. «Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың өзінің өкілеттігін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өткізуден бас тартуына қа­тыс­ты өзімнің пікірімді білдіргенді жөн көріп отырмын. Референдум туралы идеяның жан-жақты қолдау табуы Қазақстан хал­қының Президентке үлкен сенімін айғақтайды. Соған қара­мас­­тан, аталған шешімнен бас тарту, оның үстіне мерзімінен бұ­рын сайлау өткізу туралы ұсы­нысы Қазақстан басшысының демократия құндылықтарына жа­қын­дығы мен өз халқының демократия мақсаттарына сенімін көр­сетіп берді», - дейді шетелдік ғалым.

***

Алдағы сәуірдің 3-і күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлаудың болғанынан боладысы қызық болып тұр. Солай демеске шара жоқ. Өйткені ел басқарудан дәмелілердің бірі мемлекеттік тілдегі емтиханнан сүрінсе, қазақ тілін еркін меңгергенін дәлелдей тұрып сайлауға түсуден бас тартқандар да табылды. Бұл жайында «Айқын» газетінің жұма күнгі нөміріндегі «Абайды білмеген адамнан не үміт, не қайыр?» деген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. «Бір қызық жайт, лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырған азаматтардың кейбірі қазақтың бас ақыны Абайды білмейтін болып шыққан. М.Жолдасбековше айтсақ, «Абайды білмеген адамнан не үміт, не қайыр?». Тағы бір қызығы, оппозициялық партиялардың бірқатары әзірге үміткер ұсынбай отыр. Бәлкім, олар мемлекеттік тілден өтетін емтиханнан жүрексінетін шығар...», - деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің жазуынша, Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Шаңғы жарыстары ұлттық федерациясының президенті Өмірзақ Шөкеев VІІ Қысқы Азия ойындарында еліміздің Көк байрағын асқақтатқан шаңғы спортының шеберлерін жеңісімен құттықтап, уәде етілген қаржылай сый-сияпаттарын қолдарына табыс еткен. Сонымен қатар алдағы Норвегияның Осло қаласында өтетін Әлем чемпионатында шаңғышыларымызға сәттілік тілеген. Жалпы Ослодағы әлемдік додаға Қазақстан құрамасының әйелдер тобы мен ерлер тобы да алты-алты спорт түрінен сынға түспек. Спорт мамандары ерлер арасында Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Сергей Черепанов пен Евгений Величковқа ерекше үміт артып отыр.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында химия ғылымының докторы, профессор Хакім Суербаевпен арадағы сұхбат «Химиясын дамытқан елдің экономикасы да қарыштай түседі» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Біз қазір жыртқыш, жабайы капитализм орнаған заманда күн кешіп жатырмыз. Кезең ауыспалы болып тұр. Күні ертең не күтіп тұрғанын ешкім дөп басып, болжай алмайды. Сондықтан қазақтың химия өнеркәсібін жандандыруға күш салып, осы салада бренд жинауға барынша пейіл танытқанымыз абзал. Сонда біз келер ұрпақ алдында жүзіміз жарық, еңсеміз тік болады», - дейді.

«Бір сарынға түсіп кеткен әкімдер есебін өткізудің арнайы ережесін жасау керек пе?». Осы сауал «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында көтеріліп отыр. Елбасының әкімдерге халыққа есеп беруін міндеттеген тапсырмасы жақсы бастама екендігін, алайда бұл шара ұзын-сонар баяндама жасау деп түсінетін жағдайға жеткенін атап өткен Мәжіліс депутаты Құрманғали Уәли: «Егер әкім бір кабинетте отырып алмай, жоспар бойынша тынымсыз еңбек етіп, халықтың көңілінен шығатын істерді тындырса, ашық есеп беруден қашпайды. Сонда ғана қазіргідей халыққа берілетін орындарды шектеу, сұрақ-жауапқа арнайы дайындалған адамдарды ғана қатыстыру сияқты келеңсіздіктер орын алмас еді», - дейді. Ал «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нұғманов: «Меніңше дәл осы әкімдер есебін өткізудің арнайы ережесін жасаудың қажеті шамалы сияқты. Себебі қазір әкімдердің есебін алып қарайтын болсақ, бәрі де демократиялық талаптарға сай өткізіледі», - деп өз пайымын алға тартады.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдады. «Сенат Төрағасы Президентті Сенаттың заң шығармашылық қызметінің ағымдағы және перспективалық бағыттарынан және Венада өтетін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясының отырысына дайындық барысынан хабардар етті», - деп жазады басылым.