Бір тәулік ішінде Қазақстанда болу тәртібін бұзған 16 өзбекстандық ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде қазақстандық шекарашылар елімізде болу тәртібін бұзған өзбекстандық 16 азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.

Бір тәулік ішінде Қазақстанда болу тәртібін бұзған 16 өзбекстандық ұсталды

Атап айтқанда, Шекара қызметінің «Батыс» өңірлік басқармасына қарасты «Әйтеке би» шекара заставасының шекарашылары жергілікті құқыққорғау органдарымен бірлесе отырып жүргізген рейд барысында Қарабұтақ елдімекенінің аумағында тиісті құжатсыз жүрген Өзбекстан Республикасының 6 азаматын ұстады.

Тергеу барысында өзбекстандық азаматтар Қазақстан жерінде жұмыс іздеп жүргендіктерін айтты. Оларды ұстау бойынша материалдар ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 517 бабының 5 тармағы бойынша Ақтөбе облысының Әйтеке би аудандық ішкі істер бөліміне берілді.

Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты «Леңгір» комендатурасының әскери қызметшілері Оңтүстік Қазақстан облысының Леңгір қаласының аумағында құжатсыз жүрген Өзбекстан Республикасының 6 азаматын ұстады. Құжаттары жоқ болғандығына қарамастан, олардың еңбек етіп жүргендіктері белгілі болды. Бұл дерек бойынша материалдар Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби аудандық көші-қон полициясына берілді.

Шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқармасына қарасты Шонжы шекара отрядының шекарашылары шекаралық-төлқұжаттық режимді тексеру кезінде Шонжы елдімекенінің маңайында шекаралық режимді бұзған Өзбекстан Республикасының 4 азаматын ұстады. Тергеу кезінде олар өздерінің жұмыс іздеп жүргендіктерін айтып ақталды.

ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 510-бабының 1-бөлімінің 2-тармағы бойынша өзбекстандық азаматтардың әрқайсысына 4955 теңгеден айыппұл салынды.