Бір тәулікте Астанада 2 мың текше метрге жуық су сорылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының бұзылуына және өткінші жауын-шашынға байланысты елорда аумағынан бір тәулік ішінде 2 мың текше метрге жуық су сорылды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Астана қаласының «Алматы» ауданы бойынша 607 текше метр, «Сарыарқа» ауданында 515 текше метр, «Есіл» ауданында 791 текше метр су сорылды. Жалпы, қала бойынша тиісті жұмыстарға 44 адам тартылды, соның ішінде «Сарыарқа» ауданында 13, «Алматы» ауданында 18 және «Есіл» ауданында 13 адам жұмылдырылды. Өткен тәулікте жаңбыр суын сору жұмыстарына 40-тан астам арнайы техника тартылған. Атап айтқанда, «Алматы» ауданында 9 ас-машина, «Сарыарқа» ауданында 8 ас-машина мен 2 сорғы, «Есіл» ауданында 12 ас-машина мен 12 сорғы. Синоптиктердің болжамынша, бүгін елордада күн ала бұлтты болады, өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді. Күндіз ауа температурасы +24+26°С, түнде +16+18°С болады, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-18 м/с жетеді. Ертең Астанада ауа райы жақсарады, күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Ауа температурасы күндіз +28+30°С, түнде +15+17°С болады. Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады. 24 шілдеде Астанада күн ала бұлтты болады, өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді. Батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғып, ауа температурасы күндіз +26+28°С, түнде +16+18°С болады.