Бір топ ақмолалық «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ақмола облысының əкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен Астананың 20 жылдығына орай салтанатты жиналыс өтіп, онда бір топ ақмолалықтар «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық əкімдікте өткен шараға облыстық əкімдік қызметкерлері, аудан, қала əкімдері, департамент жəне басқарма, кəсіпорын жəне əлеуметтік сала мекемелерінің басшылары мен еңбек ардагерлері қатысты.
Өңір басшысы Мәлік Мырзалин қазақстандықтар үшін маңызды мерекелердің бірі саналатын Астана күнімен барша ақмолалықтарды құттықтап, елорданың қалыптасуы мен дамуына жəне өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
«Елорда - еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің нышаны, халқымыздың мақтанышы. Оған əрбір қазақстандықтың тынымсыз еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Елбасымен бірге Астананы қалыптастыруға жəне егемен Қазақстанның жетістігіне сеніммен қарағандардың арасында елге танымал əрі құрметке лайық ақмолалықтардың да үлесі зор», - деді облыс əкімі өз сөзінде.
Салтанатты жиында облыс басшысы Астана күніне орай, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығына сəйкес Елорданың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан облыстық əкімдік қызметкерлері, аудан, қала əкімдері, департамент жəне басқарма, кəсіпорын, əлеуметтік сала мекемелерінің басшылары жəне ардагерлерден құралған бір топ ақмолалыққа «Астана 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті.