Бір топ сенатордың депутаттық өкілеттіктері аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысы жаңа сайланған құрамда алғаш рет өтті. Сондықтан да, жаңа құрамның қызметке кірісуіне орай жалпы отырыста бір топ сенатордың депутаттық өкілеттік мерзімдері аяқталды. Осыған орай, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімдері аяқталған сенаторларға алғысын жеткізді.

Бір топ сенатордың депутаттық өкілеттіктері аяқталды

Еске сала кетейік, 2014 жылдың 1 қазанындағы сайлауда ҚР Парламенті Сенатының 16 депутаты сайланып, оларды Орталық сайлау комиссиясы ресми тіркеуден өткізді. Сайланған 16 депутаттың төртеуі бұрынғы сенаторлар болатын. Атап айтқанда, Михаил Бортник, Сәрсенбай Еңсегенов, Ерболат Мұқаев пен Сергей Плотников өз сайлаушыларының сеніміне екінші мәрте ие болып, жаңа конституциялық мерзімге қайта сайланды.

«Сонымен қатар, бір топ әріптестеріміз өздерінің Сенат депутаттығы ретіндегі өкілеттіктерін абыроймен аяқтап шықты. Өкінішке қарай, аса құрметті әріптесіміз Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Иран Әміровпен мәңгілікке қоштасуымызға тура келді. Өмірінің соңғы сәттіріне дейінгі саналы ғұмырын мемлекетке риясыз қызмет етуге арнаған Иран Әміровтің есімі біздің жадымызда әрдайым сақталады», - деді Қ. Тоқаев.

Бұдан бөлек, палата спикері Сенатта бірге қызмет еткен, депутаттық міндетті адал және жоғары жауапкершілікпен атқарғаны үшін өкілеттігі аяқталған сенаторларға Елбасының ризашылығын жеткізді. «Парламент қабырғасында Мемлекет басшысының тапсырмасын тиянақты орындаудағы, жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлік көрсетіп, заң жобалары бойынша белсенді жұмыстарыңыз үшін алғысымды айтамын. Сіздердің ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңізді әріптестеріңізбен қатар, бірлесе жұмыс істеген Үкімет мүшелері, сондай-ақ бүкіл қоғам жоғары бағалайды. Осы жылдар ішінде еңбектеріңіз лайықты бағаланып, еліміздің жоғары наградалары мен халықаралық ұйымдардың марапаттарына ие болды. Әрқайсыңыз отандық парламентаризмнің дамуына, жалпы алғанда еліміздің табысты өркендеуіне айтарлықтай үлес қостыңыздар», - деді спикер Қ. Тоқаев.

Депутаттық өкілеттік мерзімі аяқталғандар: Қайсар Омаров, Жұмабек Төрегелдинов, Светлана Жалмағамбетова, Нұрлан Сүлейменов, Александр Савченко, Юрий Кубайчук, Хусаин Валиев, Қожахмет Баймаханов, Орынбай Рахманбердиев, Ермек Жұмабаев, Анатолий Башмаков.

«Қазақстан халқы мен мемлекет игілігі жолындағы сіздердің жемісті қызметтеріңіз замандастарыңызға үлгі болары анық. Жинақтаған мол өмірлік тәжірибелеріңіз, салмақты ой-пікірлеріңіз бен терең білімдеріңіз алдағы уақытта Қазақстанды одан әрі дамыту жолында қалтқысыз қызмет етері сөзсіз», - деді Қ. Тоқаев.