Бiр түннiң iшiнде 47 бала менингитпен түстi деген ақпарат шындыққа жанаспайды - ДСМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бiр түннiң iшiнде 47 бала менингитпен түстi деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялық қызметiнде өткен брифингте Бас санитарлық дәрiгер Жандарбек Бекшин айтты.
«Бiр түннiң iшiнде 47 бала менингитпен түстi деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Астанада менингококк инфекциясымен жыл басынан берi 47 жеткiншек түскен. Дерттiң маусымдық күшеюi әдетте тамыз және қыркүйек айларына келедi, дегенмен биыл бiр айға ертерек басталды. Маусым мен шiлде өте ыстық болды. Осыған байланысты бiздiң инфекциялық мамандар осы мәселемен айналысуда. Бiр түнде 47 бала түскен жоқ. Бұл сан - жыл басынан бергi көрсеткiш», - деді Ж. Бекшин.
Оның айтуынша, қаладағы барлық субұрқақтар, Есiл өзенiнiң суы тексерiстен өткiзiлген және одан энтеровирустық қоздырғыштар табылмаған. «Сонымен қатар бiз қазiр жемiс-жидек, көкөнiстердi де тексерудемiз. Әзiрге ол маусымдық деңгейде. Бiрақ ол бiр айға ертерек басталғандығын қайталап айтамын», - деп атап өттi ол.
Айта кетейiк, өткен түнде балаларға арналған инфекциялық ауруханаға менингит диагнозымен 47 бала түстi деген суыт хабар тарап кеткен болатын.