Бір жарым жыл ішінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына 239 мың адам тартылды

Бүгін Парламент Сенатында «Шағын және орта бизнесті дамыту шеңберінде «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысына арналған дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов осылай мәлім етті.
«Жүзеге асырылып жатқанына бір жарым жыл болған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы өзінің тиімділігін танытып отыр. Жұмыспен қамтудың қажетті құралдары мен тетіктері түгел қамтылып, сынақтан өтті. Нәтижесінде 239 мың адам жұмысқа тартылды», - деді С. Әбденов. Бұл ретте министр мемлекеттік бағдарлама төрт бағытта жүзеге асып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, олар: оқыту және сол бойынша жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды қолдау, еңбек ресурстарының жұмылуын арттыру және ауылдық елді мекендерді дамыту.