Бір жыл ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарында 11 мыңға жуық алаяқтық операция тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы саласындағы операцияларды қашықтан жүргізу рәсімдері артқаннан кейін, елімізде алаяқтардың әрекеттері де көбейіп келеді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір жыл ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарында 11 мыңға жуық алаяқтық операция тіркелді

«Былтыр банктер мен микроқаржы ұйымдарында 11 мыңға жуық алаяқтық операцияны тіркедік. Оның бес мыңы несиені алақтық жолмен тіркеуге қатысты. Бұл тұрғыда алаяқтар несиені онлайн тәртіпте рәсімдеу мүмкіндігін пайдаланып отыр», - деді Мәдина Әбілқасымова депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып.

Агенттік басшысы бұл тұрғыда былтыр микроқаржы ұйымдарына қарыз алушыны нақтылауға қатысты талаптар айтарлықтай күшейтілгенін айтты. Осы ретте екі факторлы идентификация, биометия енгізілді.

«Дегенмен, алаяқтық операциялар әлі тіркеліп жатыр. Бұл жерде мәселе ақпараттық қауіпсіздікке және қаржы мекемелерінің өз жүйелерінің қауіпсіздігіне қатысты. Осы мақсатта биыл құқық қорғау органдарымен, Ұлттық банкпен бірлесе отырып, несиеге қатысты алаяқтық схемаларына қарсы іс-қимылдың Жол картасы әзірледі. Онда киберқауіпсіздікті күшейтетін бірқатар қадамдар қарастырылған», - деді М. Әбілқасымова.