Бір жыл ішінде республика аумағында жинақталған 892 млн. тонна қалдықтың 185 млн. тоннасы кәдеге жаратылды - алқа мәжілісі
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бір жыл ішінде республика аумағында жинақталған 892 млн. тонна қалдықтың 185 млн. тоннасы кәдеге жаратылды.
Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметовтың қатысуымен өткен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
«2011 жылы рұқсат берілген шығарындылар көлемі 3,35 млн. тоннаны, ал ластайтын заттар шығарындысы 2,8 млн. тоннаны құрады. Яғни табиғат пайдаланушылар санының өсуіне қарамастан 2010 жылғы деңгейде қалып отыр», - деді министр.
Оның атап өтуінше, оған табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асыру, сонымен қатар кәсіпорындардың экологиялық таза технологияларды енгізуі септігін тигізген.
«Қалдықтардың өңделу үлесі олардың қалыптасуының 20,7 пайызын құрады. Қалдықтарды кәдеге жарату көлемі бойынша көрсеткіш орындалды. Бір жылда республика бойынша жинақталған 892 млн. тонна қалдықтың 185 млн. тоннасы кәдеге жаратылды. Бұл жоспарланған көлемнен 45 млн. тоннаға артық», - деді Н.Қаппаров.