Бір жыл ішінде шай мен кофе қымбаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл қаңтар-мамыр аралығында елімізде 8,7 мың тонна шай мен кофе өнідірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,2%-ға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom.kz порталына сілтеме жасап.
Қазақстан бойынша шай мен кофе өндірісінің жартысынан көбі Алматы қаласына тиесілі. Мұнда 4,7 мың тонна шай мен кофе өнімі дайындалған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 32,6%-ға артық. Сонымен қатар, аталған тауар Шымкент қаласы (2,2 мың тонна) мен Алматы облысында (1,5 мың тонна) да аз өндірілген жоқ.
Тек маусым айының өзінде кофе 1,2%-ға қымбаттаса, шайдың бағасы 0,2%-ға өскен. Жалпы бір жыл ішінде кофенің құны - 20%, шай 14%-ға жоғарылаған.
Бұл ретте, кофе бағасы Түркістан облысында (өсім 40,5%) айтарлықтай қымбаттаған. Бұған қоса, Ақмола (өсім 38,5%) мен Маңғыстау облыстарында (өсім 36,1%) кофе құны көтерілген.
Ал, шай Қызылорда облысында 28,7%-ға өсті. Одан кейінгі орында Шымкент (өсім 27,2%) қаласы және Абай облысы (өсім 21,4%) тұр.