Бір жылда 70 келі соус жейтін бойжеткен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Линкольн қаласында тұратын 19 жастағы Мелисса Ибитсон әр тамақтанған сайын, яғни күніне үш мәрте кетчуп тұтынады. Ол осылайша жылына шамамен 70 келі қызанақ соусын жейді. Ал бұл оның өзінің салмағына тең, деп жазады шетелдік БАҚ.
Қыздың кетчупты жақсы көретіндігі соншалық мейрамханада қызанақ соусы болмаған жағдайда, тамақтанбай кетіп те қалады екен. Сондай-ақ ол аптасына кемінде үш бөтелке кетчуп жейді.
Бойжеткеннің соусқа деген махаббатында шек жоқ деуге де болады. Мәселен, өткен жылы ол туған күніне тапсырыс берген торт кетчуп бөтелкесі пішінінде жасалған болатын. Жалпы, мереке күндері де достары оған қызанақ соусын сыйға тартуды әдетке айналдырған.
Айта кетерлігі, кетчуптың бір бөтелкесі орташа есеппен 3 доллар тұрады десек, онда бойжеткен жылына тапқан табысының 500 доллардан астамын соус сатып алуға жұмсайды екен.