Бір жылдың ішінде еліміздегі азық-түліктің бағасы 3,3 пайызға өсті
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - 2013 жылғы қазанда азық-түлік тауарларының бағасы 2012 жылғы қазанмен салыстырғанда 3,3 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Агенттік мәліметтеріне қарағанда, 2013 жылғы қазанда 2012 жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға макарон өнімдеріне 8,2 пайыз, сүт өнімдеріне - 4,7 пайыз, балық және теңіз өнімдеріне - 4,3 пайыз, ұнға - 4,2 пайызға өскен. Бұдан бөлек, кофе, шай және какаоның бағасы 4,1 пайызға, тоқаш және ұн өнімдері - 3,6 пайызға, алкогольді ішімдіктер 3,4 пайызға, кондитерлік өнімдер 2,9 пайызға, май және тоң май 2,3 пайыз, нан 1,4 пайызға қымбаттаған. Сонымен бір мезгілде, бағаның төмендеуі жармаларға 5,1 пайыз, қантқа - 2,3 пайыз, жемістер мен көкөністерге - 0,7 пайыз шамасында байқалды.
«Аталған кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 2,9 пайызды құрады. Шұжық өнімдеріне баға деңгейі 4,3 пайыз, жылқы етіне - 4,1 пайыз, сиыр етіне - 2,8 пайыз, қой етіне - 2,6 пайыз, шошқа етіне - 2,4 пайыз, құс етіне - 0,7 пайызға жоғары болды», - делінген баспасөз баянында.