Бір жылдың ішінде «Қазақша Википедия» энциклопедиясында жарық көрген мақалалар саны 7 мыңнан 136 мыңға дейін артты
АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 12-15 шілде аралығында Вашингтон қаласында халықаралық «Викимания-2012» конференциясы өтті.
Бұл туралы ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігі хабарлады.
Википедия төңірегіне топтасқан еріктілердің басын қосатын биылғы конференция АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды. 2003 жылдан бастап мемлекеттік департамент құрамында «электрондық дипломатия кеңсесі» деп аталатын жаңа бөлімше жұмыс істейді. Оның міндеті - білім мен ақпарат таратудың тиімділігін арттыру негізінде халықаралық мәселелерді шешудің жаңа жолдарын іздеу. Сонымен қатар, мемлекеттік департамент құрамындағы бұл кеңсе дипломатия мен ақпараттық технологияларды ұштастыру негізінде қоғамдық дипломатияның инновациялық тетіктерін дамытады, осы мақсатта IT-технологиялар мен әлеуметтік желілерді қолдану мәселелерімен айналысады.
80-нен аса елдің делегаттары келген халықаралық конференция жұмысына АҚШ, Ұлыбритания және Канада үкіметтерінің ресми өкілдері және Вашингтонда қызмет ететін дипломатиялық миссиялардың жетекшілері қатысты.
Қазақстан атынан конференцияға «Қазақша Википедия» жобасын жүзеге асырушы «WikiBilim» қоғамдық қорының өкілдері барды.
Конференцияның құрметті қонақтары қатарында Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ерлан Ыдырысов та болды. Қазақстан Елшісі Википедияаның негізін қалаған Джимми Уейлспен кездесіп, оның қазақ тілді Википедияаны дамыту бастамасына көрсетіп жатқан қолдауына ризашылығын білдірді. Елші «Қазақша Википедия» жобасының Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қамқорлығымен жүзеге асырылып жатқандығын ерекше атап өтіп, Дж.Уейлске Қазақстан үкіметінің ресми шақыруын жеткізді. Википедияның негізін қалаушы шақыруды қабыл алып, өзі бастаған ғаламдық энциклопедияның қазақша нұсқасын дамыту жобасына жағдай жасап келе жатқан Қазақстан Үкіметіне алғысын жеткізді. Сонымен қатар «WikiBilim» қоғамдық қорының жұмысына жоғары баға беріп, қорда жұмыс істейтін команданы «вики кеңістіктегі супержұлдыздар» деп атады.
Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған Джимми Уейлс Қазақстанды ерекше атап өтіп, қазақ Википедиясының қарқынды дамуына назар аударды. «Қазақша Википедияа» жобасы қолға алынғалы бері ғаламдық энциклопедияның қазақша тарауындағы мақалалар саны 7 мыңнан 136 мыңға дейін өсті. Мақалаларды жазатын және өңдейтін ерікті редакторлардың саны 4 адамнан 250 адамға дейін көбейді. Өткен жылғы Викимания конференциясында Қазақша Википедия 2011 жылдың үздік Вики-жобасы атанған. Википедияның негізін қалаушы Джимми Уейлс Қазақстанға келуге ниет білдіріп, елдегі тұлғалармен және интернетке қызығатын жастармен кездескісі келетінін жеткізген еді.