Біреу ақшаңызды шешіп алмақшы: Петропавл тұрғыны алаяқтықтың жаңа түрінен зардап шекті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың 33 жастағы тұрғыны интернет алаяқтың құрбанына айналып, 100 мың теңгесінен айырылды. Бұл жолы да қылмыскер «банк қызметкері» болып хабарласып, барлық жеке мәліметті WhatsApp мессенджері арқылы біліп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жолы алаяқтардың құрығына 33 жастағы әйел түскен.
Келіншек басқаларға ескерту үшін өзінің қалай алданып қалғанын айтып берді.
«Банктен» қоңырау соқты. Маған банк картасына тіркелген телефон нөмірімді біреулердің ауыстырайын деп жатқанын айтты. Кейін алаяқтардың менің шотыма кіруге тырысып жатқанына, «қорғаныс орнату» қажеттігіне сендірді», - дейді қала тұрғыны.
Әйелді WhatsApp мессенджері арқылы «робот-чатқа» қосқан.
Алаяқ оған өз деректерін дауыстап атаудың қажеті жоқ екенін, тек «робот-чатқа» карта нөмірін, қорғаныс орнату қажет соманы және сыртқы бетіндегі үш цифрды енгізуді сұраған.
«Маған менеджер кодын көрсетіңіз деді. Мен менеджердің кодын білмеймін, менің менеджерім кім болды деп сұрадым. Ол «картаны аударыңыз, артқы жағында үш сан болуы керек, бұл сіздің менеджеріңіздің нөмірі, оны да дауыстап айтпай, жазып жіберіңіз» деді. Мен оған сеніп, айтқанын орындадым», - дейді әйел.
Бұдан кейін алаяқ деректерді растау үшін әйелге sms арқылы келген кодты енгізуді сұраған.
Бұл клиенттің қаржысына толық қол жеткізуге мүмкіндік беретін бір реттік құпия сөз еді.
Көп ұзамай оның шотындағы бар сома жоғалып кетті. Шығын 113 мың теңгені құрады.
«Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. «Банктен қоңырау» шалынған кезде әңгімені дереу доғаруды сұраймыз. Егер қаражатыңыздың сақталуына қатысты күмән пайда болса, банкке қайта қоңырау шалыңыз немесе банк бөлімшесіне келіңіз. Құпия деректеріңізді ешкімге сеніп айтпаңыз және бөгде адамдардың қысымымен ақша аударымдарын жасамаңыз», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.