«Біреудің меншігіне көз сүзетіндердің күдері үзілді» -республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Айқын» басылымының бүгін шыққан апталық нөмірінде «Алқызыл алау Алматыға жетті» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалада 11 қаңтарда Әл-Куәйт қаласында тұтандырылған VІІ қысқы Азия ойындарының алауы кеше, 12 қаңтарда Алматыға жеткізілгені баяндалады. «Кеше алқызыл алау Алматыға жетті. Тарихи оқиғаның куәсі болу үшін осы сала басшылары мен мамандары, атақты спортшылар, БАҚ өкілдері және жанкүйерлер әуежайға көптеп жиналды. Алғашқы болып сөз алған қала әкімі Ахметжан Есімов барша қазақстандықтарға құттықтау сөзін арнап, спорт саласын дамыту мақсатында мемлекет басшысы тарапынан жүзеге асып отырған игі шаралар жайында әңгімеледі. Бірер уақыт әуежайда тұрақтаған алау көп ұзамай қала көшелерін кезіп кетті», - делінген онда. Басылымның жазуынша, алаугерлер қатарынан атақты спортшылармен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әйгілі әншілер және басқа да сала мамандары болды. Жалпы, алауды алып жүру құрметіне республикамыздың 1020 азаматы ие болды. Олардың арасында 80 адам Алматының, 100 адам Астананың тұрғындары болса, әр аймақтан 60 адамнан іріктелініп алынды.
«Қоян жылы құт әкелгей». «Айқын» газетінде осындай тақырыппен басылған мақалағаҮкіметтің ағымдағы жылғы алғашқы отырысында талқыланған елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне қатысты мәселе арқау болған. Мақалада атап көрсетілгеніндей, отырыста қобалжыған көңілдерді сабасына түсірердей маңызды мәлімдеме жасалды. «Үкіметбасыға баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев қолда бар «астық көлемі елдің нанға деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге толық жеткілікті» екендігіне сендірді. Министрдің айтуынша, қор тіпті кейбір қазақ астығына күні қараған жатжұрттардың жандарын аш қалдырмауға да жетіп қалуы керек. «Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикада 9,3 миллион тонна астық бар, - деді Ақылбек Күрішбаев. - Оның 2,6 миллион тоннасы - тұрақтандыру қорының астығы, ол қол қойылған меморандумдар бойынша, бекітілген бағамен сатылады. Аталған астық ауқымы, жаңа ору науқанына дейін, елдің нанға деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспорттық нарықтарға ертеректе жоспарланған көлемдерде жеткізуге жеткілікті» деп нықтады АШМ басшысы», - делінген мақалада.
***
Ал «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Астанадағы зиратты ұлттық қабірстанға айналдыру қажет» деген мақала жарияланды. Парламент депутаттары көтерген мәселе төңірегінде сөз қозғаған басылым тілшісінің жазуынша, тәуелсіздігіміз 20-ға толған тұста Алаштың арда қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының сүйек күлін туған топырағына әкеліп, жер қойнына тапсыру мәселесі жиі айтылып жүр. Ұлт қайраткерінің туғанына 110- жыл, өмірден озғанынан 77 жыл толуы қарсаңында Мәскеудің «Донское кладбищесінде» сақталып келген С.Сәдуақасұлының денесінің күлін туған елге әкеліп, мұсылман ғұрпымен жерлеу рәсімін жүзеге асыру, сөзсіз, Тәуелсіздік тарихындағы зор оқиғалар қатарынан саналмақ. Автордың жазуынша, депутаттар сонымен қатар елорда орталығындағы бес ғасырлық тарихы бола тұра, қараусыз қалған қорымды ұлттық пантеонға айналдыру мәселесін көтерген. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, газеттің бүгінгі нөміріне көз жіберіңіз.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі нөмірінде санында «Біреудің меншігіне көз сүзетіндердің күдері үзілді» деген тақырыппен мақала басты. Онда Мемлекет басшысының «Бизнес пен меншікті заңсыз басып алуға (рейдерлік) қарсы күрес мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғандығы айтылады. Аталмыш құжат біреудің иелігіндегі меншікті заңсыз басып алу әрекетіне қарсы бағыттылады. Яғни осымен елімізде кеңінен тараған рейдерлік әрекеттерге тоқтам салатын уақыт жеткен сияқты. Мақалада бұл мәселе жан-жақты әрі терең талданған.
***
«Казахстанская правда» газеті бүгінгі санында «Тарифы впрок, а не в карман» атты мақала жариялады. Мақалада кеше өткен Табиғи монополияарды реттеу агенттігінің 2010 жылдың қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер баяндалады. Автордың жазуынша, отырыста Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов елдегі коммуналдық төлемдермен байланысты проблемалардың барлығы тариф бағасының өсуіне емес, энергияны үнемдей алмауға байланысты болып отырғандығын айтқан. Ал энергияны үнемді пайдаланып, қуат көздерін жөндеу мен қайта жаңартуды қалайша жүзеге асыруға болады?. Бұл сауалдың жауабын жоғарыдағы мақаладан таба аласыз.