#Birge акциясы аясында білім саласына қатысты бірқатар ұсыныс түсті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабы ұйымдастырған #Birge акциясы аясында сайлаушылардан бірқатар ұсыныстар келіп түсті. Соның бір бөлігі білім саласына қатысты, деп хабарлайды кандидаттың баспасөз қызметі.
Азаматтар #Birge акциясына үн қосып, білім саласына қатысты өтініш-тілектерін жеткізді. Халықты білім сапасы, үш ауысымды мектептер, жоғары білімнің қолжетімділігі, студенттер стипендиясын арттыру, сондай-ақ мұғалімдер мәртебесі туралы мәселелер толғандырады.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны мектептердегі білім сапасына және орын жеткіліксіздігіне назар аударылғанын қалайды. Оның айтуынша, мектептердің бірінші сыныбында орын жоқ, әсіресе қаланың сол жағалауындағы кей мектептерде оқушылар лық толы.
Білім саласы қызметкерлерінен де ұсыныстар түсіп жатыр. Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушыларын қағазбастылықтан босатып, мектеп жұмысына цифрлық форматты енгізуді сұрайды. Ал, Алматы облысы Панфилов ауданынан ұсыныс жолдаған ұстаздардың бірі мектепте ақша жинауды тоқтатып, мұғалімдерді қажетсіз жүктемеден босатуды, педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерге қойылатын талаптарды арттыруды және барлық мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеуді ұсынады.
Айта кетейік, #Birge акциясы арқылы жолданған барлық ұсыныстар мен тілектерді штаб мүшелері қарап, ішіндегі ең конструктивтісі кандидат бағдарламасына енгізіледі.