Birgemiz: Түркістан қаласында бес мыңға жуық отбасыға 50 мың теңгеден аударылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорынан Түркістан қаласындағы 4 903 отбасыға 50 мың теңгеден аударылды. Аталған көмек аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен I топтағы мүгедектерге, жарымжан балаларының күтімімен отырған адамдар мен зейнеткерлерге, көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Birgemiz: Түркістан қаласында бес мыңға жуық отбасыға 50 мың теңгеден аударылды

Аталған көмектен жетім балалар мен асыраушысынан айрылған жетім балалар, ҰОС мүгедектері мен оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері де құр қалмады. 50 мың теңгеден көмек қаражатын алған тұрғындар қиын кезеңде қолдау көрсеткен Елбасы Н.Назарбаевқа, «Birgemiz» қорына және кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, елімізде коронавирус індетінің алдын алу мен аз қамтылған отбасыларға көмектесу үшін Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен арнайы қор құрылып, оған еліміздегі ірі кәсіпкерлер мен ауқатты азаматтар, жетекші компаниялар қаржы аударған болатын.

Бүгінде «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша облыс орталықтары мен тұрғын саны көп жалпы 23 қаланың 150 мыңнан астам тұрғынына 50 мың теңгеден берілуде. 23 қаланың қатарына Түркістан облысынан тек қана Түркістан қаласы енгізілген.