Біріккен Араб Әмірліктерінен Талдықорғанға келген жолаушылардың ешқайсысында дене қызуы болмады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов кеше түнде Талдықорған әуежайына Біріккен Араб Әмірліктерінен ұшақпен жеткізілген қазақстандықтарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«11 сәуір күні сағат 21-30 да Талдықорған қаласының әуежайына Шарджа қаласынан (БАӘ) рейс қонды. Бұл рейсті қабылдау және отырғызу Республикалық штабпен келісілген. Келгендер – Қазақстанның азаматтары.Олар кейбір жағдайларға байланысты сол жерде қалып қалды, келушілерді қабылдау және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің азаматтық борышымыз», - деді Қайрат Баймұхамбетов.
Әуежайда күшейтілген санитарлық қауіпсіздік шарасы қабылданды.
«Борттағы барлық жолаушы байланыссыз термометрия мен сауалнамадан өткізілген. Келген жолаушылармен қарым-қатынас барынша азайтылды. Келгендердің арасында температурасы бар адамдар анықталған жоқ, ауру белгілері болған жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, барлық жолаушы карантиндік стационарларға орналастырылған.
«Келген азаматтардан зертханалық зерттеулерге материалдар алынды, диагностикалық зерттеулердің нәтижелесі анықталып жатыр. Карантин аяқталғаннан кейін барлық келген жолаушылар тұрғылықты жеріне жөнелтіледі. Келгендердің барлық жүгі мен жеке заттары, сондай-ақ әуе кемесі, автобустар дезинфекция ертіндісімен өңделді. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күшейтілген шара қабылдануда. Нысандарда полиция посттары қойылды, тәулік бойы санитарлық-эпидиологиялық қызмет мамандары, медициналық қызметкерлер кезекшілікте. Жағдай бақылауда», - дед облыстың бас санитарлық дәрігері.
Ол адамдардан тыныштықты сақтап, жеке гигиена ережесін сақтауды сұрады.