«Бірінші бекет - Қазақстан» ілкі жобасын жүзеге асыру отандық тасымалдаушылар үшін өздерінің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді
АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - «Бірінші бекет - Қазақстан» ілкі жобасын жүзеге асыру отандық тасымалдаушылар үшін өздерінің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.
Бүгін аталған мәселе бойынша тасымалдаушылардың ақпараттық жүйесіне арналған шара барысында «Индустрияны дамытудың қазақстандық институты» АҚ басқарма басшысы Азамат Ахмеров осылай мәлім етті.
Компания басшысының айтуынша, ел Үкіметі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алдына жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту үдерісіне жәрдемдесу бағытында стратегиялық міндеттер жүктеп отыр. «Бұл ретте аталмыш кәсіпорындар отандық және халықаралық нарықтарда лайықты бәсекеге түсулері үшін жағдайлар жасалуы шарт. Осындай стратегиялық міндетті жүзеге асыру үшін «Өнімділік-2020» бағдарламасы әзірленген болатын. Бұл бағдарлама былтырғы жылдың наурызынан қолға алынып келеді. Ендігі мақсат бұл бағыттың сапалық деңгейі мен қамту ауқымын кеңейте түсу», - дейді А.Ахмеров.
Индустрияны дамытудың қазақстандық институты «Бритиш груп» компаниясының отандық тасымалдаушылар үшін бірегей ақпараттық база құру жөніндегі бастамасына қолдайды. «Аталған бастама еліміздің ірі мұнайгаз жобаларын толық қамтитын болады. Ал «Бірінші бекет-Қазақстан» ілкі жобасын жүзеге асыру қазақстандық тасымалдаушыларға өздерінің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, жаңғырту бағыттарында жаңа іскерлік мүмкіндіктер ашуға да көп жағдайлар қарастырылатын болады», - дейді ол.
Еске сала кетсек, «Бірінші бекет - Қазақстан» ілкі жобасы «Индустрияны дамытудың қазақстандық институты» АҚ мен «БиДжи груп» және «Ахиллес» компанияларымен бірлесе қолға алынған. Бағдарламаны толық жүзеге асыру нәтижесінде өндірістік қуаттылықтың орналасуы туралы бірегей мәліметтер базасы құрылатыны күтіледі.