Бірінші лигада «Ақжайық» «Екібастұзды» ірі есеппен тізе бүктірді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының 16-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Екібастұзды» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші айналымды үшінші орынмен тәмамдаған алаң иелері «Екібастұзбен» ойында үш ұпай олжалауды көздейтіні анық еді.

Өткен турда Ақтөбеде «Ақжайық» сапындағы алғашқы голын соққан Ақтау футбол мектебінің түлегі Бақдәулет Көңілімқос бұл жолы да мергендік танытты. Тіпті қарсыластың қақпасына бір емес, үш доп енгізіп, хет-триктің авторы атанды. 72-минутта украиналық Микола Агапов 11 метрлік нүктеден мүлт кетпей, есепті 4:0-ге жеткізді. 92-минутта қонақтардан Максим Скорых бір ғана голмен жауап қайырды. Қорытынды есеп – 4:1, «Ақжайықтың» пайдасында.

Осылайша, 31 ұпай жинаған Игорь Прохницкийдің шәкірттері бұрынғысынша турнир кестесінде 3-орында келеді.

Оралдықтар келесі кездесуін 28 шілде күні сырт алаңда «Хан-Тәңірі» командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бірінші лигада «Ақжайықтың»» Ақтөбеде жергілікті команданы жеңгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар