Бірінші республикалық аламан бәйге турнирінің жеңімпазы 10 млн. теңгеге ие болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 қыркүйекте Астана маңында өтетін бірінші республикалық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі турнирінің жеңімпазы 10 млн. теңгеге ие болады. Бұл туралы бүгін Қазақстан ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан турнирге арналған брифинг барысында мәлім етті.

Бірінші республикалық аламан бәйге турнирінің жеңімпазы 10 млн. теңгеге ие болады

Оның сөзіне қарағанда, турнир «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орайластырылды. Оған Қазақстанның барлық аймағының шабандоздары қатысады. «Жеңімпаз 10 млн. теңгеге қол жеткізеді. Жүлдегерлер де бағалы сыйлықтарға ие болады. Әр облыстың намысын қорғайтын жылқының саны 10-нан аспауы тиіс. Сондықтан 160 жылқы қатысуы мүмкін. Алайда әзірге Алматы мен Ақмола облыстары ғана 10 жылқыдан қатыстыратынын айтты. Ал өзге облыстар 3-4 жылқыны тіркеді. Тізім толық құрылмады. Қатысушылардың барлығы келген жоқ. Турнир ұлттық спорт түрлеріне әуес жандардың қызығушылығын тудырып, жыл сайын ұйымдастырылатын жақсы дәстүрге айналады деген үміттемін», - деп қосты ол.

«Соңғы кездері дәстүрлі қазақ бәйгесі дамымай отыр. Негізінен мұндай жарыстарға барлығына белгілі будандастыру жолымен алынған ағылшын таза қанды жылқы тұқымы қатысады. Біздің жылқылар әзірге олармен бәсекелесе алмайды. Сондықтан дәстүрлі қазақ бәйгесі мен жылқыларымызды насихаттау мақсатында 43 шақырымдық үлкен аламан бәйге ұйымдастырдық. Жарыс тегістелмеген, табиғи жолда болмақ. Мықтысы бас жүлдеге ие болады», - деді Б.Тілеухан.

Осы шара аясында «ат сыншысы» байқауы өтеді деп аталып өтілді. Бұл байқау бойынша марапаттау «Толыбай сыншы», «Күреңбай сыншы», «Кейхауыс сыншы» аталымдары бойынша жүзеге асады.

Турнирді «Нұр Отан» партиясы және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және ҚР мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.