«Бірінші сыныпқа барған балаға ағылшын тілін оқытқан дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 23 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 23 маусым, сенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Шығыс Қазақстан облысының экономикасы күн сайын қарыштап дамып келеді. Кенді Алтайға осыдан бес-алты жыл бұрын жасаған сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау шырайлы Шығысты еліміздің інжу-маржанына теңеп, алдағы уақытта да өлкенің дами беретініне сенім білдірген болатын. Уақытының тығыздығы мен қарбалас сәттердің көп болғанына қарамастан, Елбасы өзендер өрнектеген Өскеменге жылына кем дегенде бір рет келіп, атқарылып жатқан істермен танысады, экономиканы дамытудағы ойларын ортаға салып, өңір басшыларына жаңа міндеттер жүктейді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті Елбасының аталған өңірге сапарына орай «Ел экономикасының артуы ізденіс пен іскерлікке байланысты» деген тақырыппен басылған мақаласында.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып, палаталар төрағалары Қайрат Мәми және Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен Конституциялық Кеңестің еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауы және 2011 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есептері қаралды. Бірлескен отырысқа Премьер-Министр Кәрім Мәсімов және орталық мемлекеттік органдар басшылары, Мемлекет басшысына тікелей бағыныстағы органдар жетекшілері, сот билігінің өкілдері қатысты. Мақала «Бюджеттің орындалуында кемшін тұстар көп» деген тақырыппен берілген.
***
«Кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кезекті кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» одағын отандық бизнестің мүддесін қорғайтын негізгі ұйым ретінде анықтап, батасын берді. Президент оған мүше болу міндетін толығымен қолдады. Демек, енді барлық кәсіпкерлер тиісті жарнаны төлеп, «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасына өтеді. Бірақ ұйым өз кезегінде ел бизнесмендерін барынша қорғай білуі міндет», деп жазады «Алаш айнасы» газеті сенбілік санында жарық көрген «Атамекен» кәсіпкерлердің ортақ «мекеніне» айналады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, салық саласында да біраз өзгерістер болмақ. Кәсіпкерлер үшін сан алуан жеңілдіктермен қатар олардың арыз-шағымдарын сотқа дейін қарау тәжірибесін жетілдіру көзделген. «Бүгінгі таңда елімізде аппеляциялық комиссияларды құру арқылы салық саласындағы дау-дамайларды сотқа дейін барынша қысқарту жұмысы атқарылып жатыр. Сондай-ақ біз арнайы салық соттарын құру бойынша әлемдік тәжірибені жан-жақты зерттеп келеміз. Біз ол мәселені әлі талқылаймыз. Дегенмен, қазіргі кезде сот органдары ондай құрылымдарды қажет етеді», - дейді Президент.
***
2013-2014 оқу жылынан бастап жеті жасты еңсеріп үлгермеген көк желектеріміз бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқып, ағылшын тілінде де «тіл сындыратын» болады. Яғни алғашқы қадамдарындағы ақуыз қажеттіліктің алғашқы нәрін ана тілінде ғана емес, ағылшын және орыс тілдерінде қанағаттандырады. Міне осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Бірінші сыныпқа барған балаға ағылшын тілін оқытқан дұрыс па?» деген тақырыппен басылды. Басылымның атап өтуінше, Білім және ғылым министрі алқалы жиындардың бірінде республиканың жалпы орта мектептерінде 1 сыныптан ағылшын тілін үйретуді аптасына 3 сағат көлемінде осы оқу жылынан бастайтындықтарын жария еткен. «Министр мырза бұл ұсынысты аспаннан алып отырған жоқ. Қазір Алматы мен Астанада, Атау мен Қарағандыда орналасқан орыс-қазақ тілдерінде дәріс беретін 35 мектепте 1 сыныптан бастап ағылшын тілін оқытуды әлдеқашан заңдастырып қойған», - деп жазады басылым.
***
«Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың әріптесі Радослав Сикорскийдің шақыруымен Польшаға жұмыс сапары өтті. Бұл екіжақты қарым-қатынас тарихындағы отандық сыртқы саясат ведомствосы басшысының Варшаваға тұңғыш сапары болды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Польша астанасында өткен келіссөздерде 20 жылдық серіктестіктегі жетістіктерге жоғары баға берілді. Саяси байланыстар, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері мазмұнды түрде талқыланды. Польша Сенатының төрағасы Богдан Борусевичпен өткен кездесуде тараптар парламентаралық байланыстарды белсендетудің жайын сөз қылды. Сонымен қатар, Польша парламентінің жоғарғы палатасы дәстүрлі түрде шетелдегі поляк диаспорасының мүдделерін ілгерілетуге жауапты. Осы орайда, Б. Борусевич елімізге жасаған ресми сапарын еске алып, Қазақстандағы 50 мыңдық поляк диаспорасы үшін ана тілін оқу, тарихи отанымен байланыс құру, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау үшін жасалған қолайлы жағдайды қанағатпен атап өтті.