16:59, 12 Мамыр 2009 | GMT +5
Бірінші тоқсанда экономиканың нақты секторында едәуір теріс үрдістер орын алды-мониторинг қорытындысы
АЛМАТЫ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Биылғы жылдың бірінші тоқсанында экономиканың нақты секторында едәуір теріс үрдістер орын алды.

ҚР Ұлттық банкінің 2-ші тоқсан бойынша экономиканың нақты секторы кәсіпорындарына жүргізген мониторингінің қорытындысы осындай. Бұл жайлы бүгін Алматыда ҚР ҰБ басшылығы өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР ҰБ жүргізген мониторингке ел экономикасының негізгі салаларындағы 1720 кәсіпорын қатысқан. Мониторинг бойынша белгілі болғаны, теңгенің АҚШ долларына, еуроға және Ресей рубліне қатысты бағамының өзгерісі шаруашылық қызметіне теріс әсер еткен кәсіпорындардың үлесі ұлғайған. Сондай-ақ кәсіпорындардың банктердің несиелеріне қол жеткізуі нашарлаған. Мысалы, 1-ші тоқсанда несие алған кәсіпорындардың үлесі 20,7 пайызды құраған. Ал 2008 жылдың 4-ші тоқсанында 26,9 пайыз болған. Дайын өнімге деген сұраныстың азаюы жалғасқан. Кәсіпорындардың іскерлік белсенділігі төмендеген, бұл туралы активтердегі айналым қаражаты үлесінің 36,8 пайызға дейін (2008 жылғы 4-тоқсандағы 39,3 пайыздан) кемуі растайды. Ел экономикасы бойынша сату рентабельділігі (салық салынғанға дейін) 5,2 пайызға дейін, негізінен өндіруші өнеркәсіп есебінен төмендеген. Бұл ретте шығынды кәсіпорындардың үлесі 20,6 пайызға дейін ұлғайған.
Ал мониторинг бойынша несиелік берешегі бар кәсіпорындардың үлесі 2008 жылғы 4-тоқсандағы 48,1 пайыздан 46,9 пайызға дейін азайған. Сату рентабельділігі (салық салынғанға дейін) жоғары (40 пайыздан астам) кәсіпорындардың үлесі 21,1 пайызға дейін (2008 жылғы 4-тоқсанда - 18,4 пайыз) ұлғайған.