Бірінші тоқсанда негізгі капиталға салынған инвестиция 2,9 пайызға артты - Статистика

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың қаңтар-наурызында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция 969,9 млрд теңгені құрап, 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға артты.

Бірінші тоқсанда негізгі капиталға салынған инвестиция 2,9 пайызға артты - Статистика

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, еліміздегі инвестициялық салымға мейлінше тартымды сала тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлер қазу (барлық инвестицияның 40,8 пайызы) болып отыр. Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлікпен операцияларға салынған инвестициялар 13,1 пайызды, көлік пен қоймалық сақтаулар 11,9 пайызды құраған.

«Бұл ретте инвестициялардың басым көздері шаруашылық етуші субъектілердің жеке қаражаттары болып қалуда, бұл бағыттағы үлес салмағы 2015 жылдың бірінші тоқсанында 66,5 пайызды құраған. Ал мемлекеттік бюджет қаражаты - 8,3 пайызға, банктер кредиттері 5,1 пайызға тең болды. Бұның ішінде шетелдік банктерге тиесілі инвестиция мөлшері 0,1 пайызды құрады», - делінген баспасөз баянында.