Бірінші тоқсанда негізгі капиталға салынған инвестиция 8,5 пайызға өсті
Бұл туралы бүгін 2013 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған ҚР Үкіметінің отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Экономика өсімінің басты факторларының бірі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің ұлғаю үрдісінің қалыптасуы екендігін атап өткім келеді. Ол бірінші тоқсанда 8,5 пайызға артты», - деді ол.
Бұл ретте министрдің сөзіне қарағанда, өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялардың өсімі 42,2 пайызды құраған. Ал көлік саласына 22,2 пайыз, кен өндіру өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығына 12 пайыздан астам инвестиция құйылған.
«Инвестиция көлемінің барынша ұлғаюы Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында байқалды»,- деп атап өткен Е.Досаев, Ақмола, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана қалаларында инвестиция көлемінің біршама қысқарғандығын айтты.