Бірінші вице-премьер ШҚО-ның шығыс және солтүстік-шығыс аумақтарында бақылауды күшейтіп, оңтүстік-шығыста құрылыс жұмыстарын бастауды тапсырды

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Үкіметте өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Төтенше жағдайлар министрлігіне Шығыс Қазақстан облысының шығыс және солтүстік-шығыс аумақтарында бақылауды күшейтіп, оңтүстік-шығыста құрылыс жұмыстарын бастауды тапсырды.

Бірінші вице-премьер ШҚО-ның шығыс және солтүстік-шығыс аумақтарында бақылауды күшейтіп, оңтүстік-шығыста құрылыс жұмыстарын бастауды тапсырды

Кеңес барысында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров тасқындар бойынша Қазақстандағы жалпы жағдайды баяндап берді. Оның айтуынша, биыл су басу қаупінің аумағында Алматы, Шығыс Қазақстан, жартылай Жамбыл және Павлодар облыстары орналасты. Табиғи апат салдарынан барлығы 100-ден астам елді мекен су астында қалып, 18 мыңнан астам адам тұрақты тұрғылықты жерлерінен қауіпсіз жерге көшірілді.

«Ал ШҚО-да тасқын мәселесі тұрақтана бастағанымен, облыстың таулы өңірлерінде жағдай қауіпті күйінде қалып отыр. Ғарыштық мониторингіге сәйкес, аймақтың жазық жерлері қардан толығымен дерлік тазарды. Тек таулы аумақтарда оның мол көлемі әлі күнге дейін жатыр», - деді В.Петров.

Вице-министр атап көрсеткендей, ШҚО-ның 7 ауданында тасқынды судан зардап шеккен елді мекендердің жалпы саны - 26. Су астында қалған 1176 үйдің 535-і тұруға мүлдем жарамсыз. Осылайша 1200 адам бүгінде баспанасыз қалып отыр.

Ө.Шөкеев, Күршім және Зырян аудандары орналасқан шығыс және солтүстік-шығыс аумақтарда бақылауды күшейтіп, Тарбағатай мен Зайсанда құрылыс жұмыстарын бастауды тапсырды.