Бірінші жартыжылдық бойынша жұмыс нәтижелері жағымды көрсеткіштерге қол жеткізгенімізді растайды - Рашид Түсіпбеков
АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) агенттігінің 2013 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша алқа отырысы басталды.
Келелі жиынға аталмыш ведомоствоның орталық аппараты мен аумақтық бөлімшелердің басшылық және жеке құрамдары конференбайланыс арқылы қатысуда.
Алқа отырысын ашқан Агенттік төрағасы Рашид Түсіпбеков: «Бірінші жартыжылдық бойынша жұмыс нәтижелері біздің барлық негізгі бағыттар бойынша жағымды көрсеткіштерге қол жеткізгенімізді растайды»,-деп атап өтті.
Р.Түсіпбековтің айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу 25%-ға өскен, сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау 8%-ға жоғарылаған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жауапкершілікке тартылған тұлғалардың саны 20%-ға артқан.
Жыл басында жүйелі сыбайлас жемқорлық түсінігі қайта қаралған болатын. Нәтижесінде жергілікті жерлерде жұмыстың бағыты ұсақ қылмыстардан жемқорлықтың қауіпті және ұйымдасқан нысандарын анықтауға бұрылды.
Нәтижесінде жүйелі жемқорлық фактілері бойынша 221 қылмыстық іс қозғалды.
Әзірленген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің төл құжаттары да өзінің жағымды нәтижелерін берді. Олар бойынша өткен жылмен салыстырғанда 9 есеге көп қылмыстық істер қозғалды.
Қаржы полициясы өз жұмысын қауіптілігі жоғары экономикалық қылмыстарды ашуға бағыттады. Осындай фактілер бойынша 3198 қылмыстық іс қозғалды. Олардың барлығы дерлік (92%) көлеңкелі экономика саласына жатады.
Ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес бағытында да жағымды өзгерістер орын ала бастаған. Осы санаттағы 26 қылмыстық іс қозғалған.