Бірінші жартыжылдықта еліміздің соттары 8 613 адамға үкім шығарды

Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотының ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығын қорытындылауға арналған брифинг барысында ресми өкіл Оксана Петерс мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, сот жұмыстарын талдау сот төрелігін жүзеге асыру сапасының жақсарғанын көрсеткен. «Мәселен, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында республика соттары 18 мың 836 тұлғаға қатысты 16 мың 685 қылмыстық істі қарап, оның ішінде 8 мың 613 тұлғаға қатысты үкім шығарды. Өткен жылы осы кезеңде 22 мың 672 тұлғаға қатысты 20 мың 141 қылмыстық іс қаралған болатын. Бұл ретте сот шешімдерінің 97,5 пайызы заңды және негізді деп танылған. Ал қаралған 198 763 (өткен жылы 175 мың 881 азаматтық іс) азаматтық істің 97,8 пайызы заңды күшіне енді. 130 мың 365 әкімшілік істер бойынша жасалған сот қаулыларының 1,8 пайызына ғана шағым түскен», - деді республика соттары атқарған жұмыстың қорытындысы туралы баяндаған О. Петерс.
Оның айтуынша, 1 шілдеде сот төрелігіне сенімділік деңгейін жоғарылату, қолжетімділікті қамтамасыз ету, істердің апелляциялық және қадағалау тәртібін жетілдіруге арналған заң күшіне енген. Соған орай, сот органдары қызметін жетілдіру жұмыстары жалғасатын болады.
Түзетулерге сәйкес жергілікті соттардың рөлі едәуір күшейетін болады. «Облыстық және оған теңестірілген соттар бойынша қылмыстық істер, азаматтық және әкімшілік істер бойынша аппелляциялық сот алқалары құрылды. Апелляциялық сатыдан төменгі сатылы соттарға істі қайта қарауға жолдау жойылады. Сот актілеріне шағым беру тәртібі де нақты реттеліп, сот актілерінің заңдық күшіне ену мерзімі қысқартылды», - деді О. Петерс.
Бұның барлығы сот ісін оңтайландыруға, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге, адам және азаматтың құқығы мен бостандығын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталады.