Бірінші жартыжылдықта операциялық кіріс 34,6 млрд. теңгені құрады - ҚТЖ (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Негізгі көрсеткіштер бойынша Қазақстан ТМД елдері темір жолдары арасында көш бастап келеді. Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мәлім етті.
«Қытай, Қазақстан, Ресей, Беларусь және Еуропа аумағы арқылы өтетін бағдар бойынша контейнерлік тасымал сегментінде 5 жылдың барасында жүк көлемі қарқынды өсіп келеді. 2016 жылдың 1 жартыжылдығында Қазақстан арқылы Қытай-Еуропа-Қытай бағытында басып өткен пойыздар саны 2,4 есеге өсті (177-ден 429-ға дейін). Сонымен бірге транзиттен келген кіріс табыстың жалпы көлемінде 35 пайызға жетті», - деді А. Мамин Көлік қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде қызметтің тиімділігі мен қаржылық нәтижелікті жақсарту тұрғысында тиісті шаралар атқаралып жатыр.
«1 жартыжылдықта операциялық кіріс 34,6 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам жоғары. Өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру нәтижесінде негізгі көрсеткіштер бойынша ТМД елдері темір жолдары арасында көш бастап келеміз. Осы ретте жаһандық көшбасшылар деңгейіне жету мақсатын алдымызға қойдық», - деді компания басшысы.