Бірінші жартыжылдықта зияткерлік меншік объектілерін пайдаланатын субъектілерге 534 тексеру өткізілді
АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Биылғы бірінші жартыжылдықта әділет органдары зияткерлік меншік объектілерін пайдаланатын субъектілерге 534 тексеру өткізді. Бұл жайында ҚР Әділет министрлігінің сайтындағы мәліметтерде айтылған.
«Зияткерлік меншік құқығы комитеті зияткерлік меншік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында заңнаманы жетілдіру, зияткерлік меншік құқығын қорғау және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде іс-шараларды қабылдайды. Зияткерлік меншік құқығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың аясында 2012 жылғы бірінші жартыжылдықта әділет органдары зияткерлік меншік объектілерін пайдаланатын субъектілерге 534 тексеру өткізді», - делінген бұл мәліметтерде.
Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы тексерулердің 1 пайызға (2012 ж.- 534, 2011 ж.- 539) азаюына қарамастан, анықталған құқық бұзушылықтардың саны 34 пайызға көбейді және қозғалған істердің саны 304-ке тең болды (2011 ж.- 226). 258 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 184 болатын.
Контрафактілік өнімдерді таратудың алдын алу мақсатында әділет органдары бірлескен бұйрықтың шеңберінде құқық қорғау органдарымен бірлесіп тексерулер жүргізеді. Астана қаласы Әділет департаменті 11, 16-17 тамызда елордалық ІІД-мен бірлескен іс-шараларды өткізді. Контрафактілік өнімдер сататын 23 орын анықталды, контрафактілік өнімді тарататын 22 адам ұсталды, 5,5 мыңға жуық контрафактілік дискілер тәркіленді.