Бірқатар БАҚ өкілдері Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері атанды
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Журналистер одағының басқармасы 2013 жылғы үздік жұмыстардың республикалық шығармашылық конкурсының қорытындыларын қарай келе, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағын берді.
Бұл туралы бүгін «Егемен Қазақстан» басылымы »Наградаларыңызбен, әріптестер!» атты мақалада жазып отыр.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты төмендегідей номинациялар бойынша берілді:
1. Репортерлік жұмыс - Тәжік телеграф агенттігінің шығарылым жетекшісі Кемар Машанлоға, «zakon.kz» интернет-порталының журналисі Торғын Нұрсейітоваға - маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларды жедел жариялағандары үшін.
2. Экономикалық шолу - ҚазТАГ халықаралық ақпараттық қызметінің басшысы Расул Рысмамбетовке; «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Вячеслав Пащенкоға - елдің экономикалық дамуы туралы талдау мақалалары үшін.
3. Саяси шолу - «Хабар» телеарнасындағы «Көзқарас» бағдарламасының продюсері және жүргізушісі Ирак Елекеевке; «zonakz.net» интернет газеті бас редакторының орынбасары Ғимран Ерғалиевке - Қазақстандағы азаматтық қоғамның даму жолдары туралы полемикалық шолулары үшін.
4. Журналистік зерттеу - «Сөздің шыны керек» бағдарламасының редакторы Ирина Әлімжановаға; «Честно говоря» бағдарламасының редакторы Полина Шиманскаяға - 31 телеарнадағы өзекті тақырыптар бойынша репортерлік зерттеулері үшін.
5. Іздеу материалы - «Қазақстан патриоты» журналының бас редакторы Раушан Қаршаловаға; «Отан сақшысы» - «Часовой Родины» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Кенжебек Сейітмұхаммедовке - аға ұрпақ үлгісі негізінде жастарды патриоттық тәрбиелеу проблемалары туралы материалдар сериялары үшін.
6. Телеарналық жұмыс - жамбылдық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының жүргізушісі Ғайни Әлімбекқызына - «Айна» және «Айша бибі» тарихи-танымдық бағдарламаларды әзірлегені үшін; талдықорғандық «Жетісу» телеарнасының редакторы Антон Хатеновскийге - өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы телерепортаждары үшін.
7. Зерттеу жұмыстары - сценарий авторы Жұмаділ Әділбаевқа, оператор Анатолий Лаптевке - көрнекті қазақ жазушысы Оралхан Бөкеевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Кербұғы» киноэссесін әзірлегендері үшін.
8. Ғылыми-көпшілік жұмыс - «Казахстанская правда» газетінің арнаулы тілшісі Дулат Молдабаевқа - жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру туралы мақалалар сериясы үшін; «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Анар Төлеуханға - Қазақстандағы дипломатиялық қызметтің дамуы туралы мақалалар циклы үшін.
9. Медиа-жоба - «Новая газета» басшылары Сергей Кожеуровқа, Дмитрий Муратовқа - қоғамдық-саяси басылымды ұйымдастырғандары үшін.
«Казинпресс» редакциялық-баспалық тобы Қазақстандағы ақпараттық қызметтің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Әділ Ибраевты Амангелді Ахметәлімов атындағы сыйлықпен марапаттады.
«Қазақстан - ZAMAN» халықаралық газеті Қазақстандағы фотожурналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін «Дала мен қала» газетінің фототілшісі Қайрат Мұқашұлын Рахымбай Ханалы атындағы сыйлықпен марапаттады.
Жас телепублицистерге арналған Бейбіт Құсанбек атындағы арнаулы сыйлықпен «Қазақстан» телеарнасының жүргізушісі Бейсен Құранбек марапатталды.
Баспасөзге көрсеткен қолдаулары мен журналистермен өзара түсіністіктері үшін Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз хатшысы Дәурен Дүйсебаевтың, Қазтелеком АҚ қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Юлия Искакованың, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалианбековтің, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қариннің, «Казкоммерцбанк» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры Лариса Коковинецтің, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Бексұлтан Құрманқұловтың, Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Ораз Нұрділданың қызметтері Қазақстан Журналистер одағының дипломдарымен атап өтілді.