Бірқатар экономикалық қылмыстар қылмыстық сипаттан арылады - Парламент

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының былтырғы жылдың қаңтарындағы Жолдауында жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасының нормалары айтарлықтай қоғамдық қауіп туғызбайтын бірқатар экономикалық қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылтуға бағытталады. Қылмыстық сипаттан арылтуды заңсыз алынған ақша қаражатын заңдастыру кезінде қылмыстық жауапкершілікке тарту негіздерінің аясын тарылту, кейбір экономикалық қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жазалау шараларын жұмсарту, сондай-ақ әкімшілік преюдицияның қолдану аясын кеңейту арқылы жүзеге асыру ұсынылады.
Атап айтқанда, бес қылмыстың құрамы бойынша бас бостандығынан айыру жазасына балама жазаларды тағайындау ауқымы кеңейеді. Мәселен, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны, заңсыз банктік қызмет жүргізгені және акцизге тәуелді тауарлардың акциздік маркаларына қатысты ереже мен тәртіпті бұзғаны үшін қарастырылатын қылмыстық жауапкершілікке жазаның балама түрлері қолданылады. Бұлар үшін еңбекпен түзеу жұмыстарына тарту және бостандығын шектеу көзделеді.
Бұдан бөлек, заң жобасымен эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібіне қатысты заң бұзушылық бойынша жауапкершілік формальды қылмыстар қатарынан шығарылып, материалды қылмыстарға енгізіледі. Бұның өзі аталған бап бойынша қылмыстық жауапкершілік қоғамдық қауіпті қылмысқа кірісу басталғаннан емес, соның салдарынан ірі залал келтірілген кезден басталатындығын білдіреді.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.