Бірқатар халықаралық ұйым Қазақстанда өтетін сайлауға қатысатындығын қуаттады - ҚР ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірқатар халықаралық ұйым Қазақстанда өтетін сайлауға қатысатындығын қуаттады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының жұмыс кеңесі барысында комиссия мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.
«Шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен ғана аккредиттеледі. Дегенмен, қазірдің өзінде бірқатар халықаралық ұйым еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сайлауға қатысатындықтарын ауызша қуаттады. Олардың қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы, сондай-ақ Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бар. Бұл ұйымдар біздің сайлауға байқау жүргізуге ниетті екендігін білдіріп, қазіргі уақытта кандидаттарын іріктеуде», - деді ол.
Т.Охлопкованың атап өтуінше, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы 18 мемлекеттің сайлау комисияларының 1-ші басшыларына шақыру жіберген. Ал еліміздің Сыртқы істер министрі 18 халықаралық ұйымға, сонымен қатар осы ұйымдардың аясында 112 мемлекетке шақыру жөнелткен.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі бізге 98 мемлекеттің аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тізімін берді. Тұрақты, уақытша аккредиттелгендігі туралы куәлігі бар олар қазірден бастап сайлауға байқау жүргізуге кірісе алады», - деді ОСК мүшесі.