Бірқатар кәсіпорындардың тозуы нормативтік мерзімнен асып отыр
АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі бірқатар кәсіпорындардың тозуы нормативтік мерзімнен асып отыр.
Бұл туралы бүгін BNews.kz интернет порталында өткен онлайн-сұхбат барысында Индустрия және жаңа технологиялар институты жанындағы «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ президенті Мейрам Қажыкен мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, аталған институт «Өнімділік - 2020» бағдарламасының операторы болып бекітілген болатын.
«Еліміздің көптеген компаниялары өздерінің технологиялық жағдайы, өндірісінің тозуы, басқару менеджментінің жаңғыртылуы секілді көптеген көрсеткіштер бойынша артта қалып келе жатқандығы белгілі. Сонымен қатар, біздің институттың зерттеулері кәсіпорындардың тозуы бойынша ресми статистикаға қарағанда айтарлықтай алаңдайтын деңгейде екендігін көрсетті. Бірқатар кәсіпорындарда тозу нормативтік мерзімнен асып кеткен. Бұл негізінен жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар болып отыр», - деді М. Қажыкен.
Компания басшысының айтуынша, ірі кәсіпорындардың негізгі қорларының тозуы шекті белгілерден айтарлықтай асып кетпегенімен, олардың қуаттық жүктемелері бәсекелестік нормаларынан біршама артта қалған.