Бірқатар қазақстандық ЖОО колледждерге айналдырылады - М.Сарыбеков
АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда жоғары оқу орындарын оңтайландыру аясында кейбір университеттер колледждерге айналдырылады, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков Pm.kz сайтына берген сұхбатында.
«Оңтайландыру барысында бірқатар ЖОО колледждерге айналдырылады, ал біразы жабылады. Министрлік жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында оңтайландырудың 5 жылға арналған осындай алгоритмін дайындады», - деді вице-министр.
М.Сарыбековтың айтуынша, оңтайландырудың мақсаты қуаты аз ЖОО-ларды біріктіріп, қажетті оқу-зертханалық, материалдық-техникалық базасы бар және біліктілік талаптарына сай кадрлық әлеуеті жоғары бір оқу орнын құру.
ҚР БҒМ мәліметтеріне қарағанда, қазіргі кезде бұрын жұмыс істеп тұрған 146 ЖОО-ның орнына 143 ЖОО білім беру жұмысын жүргізетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті өзінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласында білім беру мекемелерін оңтайландыру туралы тапсырма берген болатын.