Бірқатар қоғамдық ұйымдар Интернет мәселесіне байланысты заң жобасындағы жаңа нормаларға қарсы пікірде
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы барысында бірқатар қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер өкілдері құжаттағы бірқатар нормаларға қарсылықтарын білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, басқосуда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Интернет-ресурс құқығын дербес ретінде тану, яғни осындай ресурстарға БАҚ мәртебесін таңбау туралы ұсыныстар жасап отыр. Қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, заң жобасындағы интернеттегі блог авторларына, чаттағы пікір иелеріне журналист мәртебесін беру, сондай-ақ, барлық Интернет-ресурстарды БАҚ мәртебесімен теңестіру мәселесі Интернет арқылы еркін пікір алмасу құқығын шектейді. Әрі бұндай қадамның өзі ЕҚЫҰ мүшесі болып отырған Қазақстанның міндеттемелеріне қайшы келеді. Бұдан басқа, қазақстандық журналистерді блоггершілікке теңестіру кәсібилікке кері әсер беріп, қоғамдағы дәстүрлі БАҚ рөлін және оның әлеуметтік жауапкершілігін төмендетеді.
Сонымен бірге, құқық орғау ұйымдарының өкілдері заң жобасындағы Бас прокуратураға БАҚ қызметін тоқтату туралы құқықтың берілуіне де қарсы.