Бірқатар мемлекеттік қызметті алу жеңілдетілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бизнеске әкімшілік кедергілерді азайту жұмысы аясында ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитеті мемлекеттік қызметтің стандарттарын қайта қарап, жаңадан бекітті. Бұл туралы аталған министрліктің мәліметінде хабарланды.
Өлшеу құралдарының типін бекіту жөніндегі сертификат алуға қажетті құжаттар саны (8-ден 3-ке дейін), қызмет көрсету мерзімі 20 жұмыс күнінен 15 күнге дейін, сол сияқты метрологиялық аттестация туралы сертификатты алуға қажетті құжат саны 7-ден 2-ге дейін, ал қызмет көрсету мерзімі 20 жұмыс күнінен 15 күнге дейін қысқартылды.
Мемлекет басқаруындағы, жеке және заңды тұлғалардың метеорологиялық қызмет көрсетуді атқару жөніндегі нормативтік құжаттарды келісуде мемлекеттік қызметін көрсету мерзімі 20 жұмыс күнінен 5 күнге дейін қысқартылды.
«Түзетулер 2015 жылғы 5 қазаннан бастап күшіне енгізілді. Мұның сыртында 2016 жылдан бастап үш мемлекеттік қызмет ХҚКО арқылы көрсетілетін болады. Атап айтқанда, өлшеу құралдарының типі бекіту туралы сертификат, аттестаттау және сарапшы-аудиторды аттестаттау туралы сертификаттар осы ХҚКО арқылы беріледі», - делінген ведомство мәліметінде.
Бүгінгі күнге 2 мемлекеттік қызмет, атап айтқанда сарапшы-аудитордың аттестатын және мемлекеттік рәміздерді әзірлеп шығаруға лицензия беру электронды портал арқылы атқарылады.
Мемлекеттік қызметті тұтынушыға қолайлы болу үшін www.memst.kz сайтында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің, рұқсат беруші құжаттар паспортының тізбесі орналастырылған.