Бірқатар облыстар мен Астана маңындағы елді мекендерде су басу қаупі ушығып отыр - В. Божко

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірқатар облыстарындағы және Астана қаласының маңындағы елді мекендерде су басу қаупі артып отыр.

Бірқатар облыстар мен Астана маңындағы елді мекендерде су басу қаупі ушығып отыр - В. Божко

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мәлім етті.

Министр орынбасарының сөзіне қарағанда, су тасқынының алғашқы қауіптері алғаш рет 23 - 29 наурызда күннің күрт жылуынан Шығыс Қазақстан облысының Семей мен Аягөз өңірлерінде және Қарағанды облысының Жаңаарқа, Қарқаралы, Шет, Ұлытау аудандарында тіркелген.

«Көктемгі қар еру басталғалы бері су басу қаупі туындаған аумақтарында Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының 17 аудандарында 50 елді мекен мен 1 149 үй қалып отыр. 511 үйді су басты. Су тасқыны 17,3 шақырым автожолдарды шайып кетсе, олардың тек 1,9 шақырымы ғана қалпына келтірілді. Тасқын су 5 көпірді қиратып кетті», - дейді В. Божко.

Оның сөзіне қарағанда, 12 сәуірден бастап су басу қаупі одан сайын күшейіп отыр. Бұған негізінен Қарағанды және Ақмола облыстарынан өтетін Нұра өзеніне Шерубай-Нұра мен Самарқанд су қоймаларынан судың көп мөлшерде құйылуы себеп болған секілді. Атап айтқанда, Нұраға құйылған су секундына шамамен 2 300 текшеметрге жеткен.

«Сондықтан да, Қарағанды облысының өзінде тағы да 20 елді мекен қауіпті аймақта болса, соның ішінде 5 елді мекен толығымен су астында қалу қаупінде. Су тасқынына Нұра өзеніне жақын Ақмола облысының бірқатар елді мекендері мен Астана қаласының маңындағы елді мекендер де қалуы мүмкін. Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының елді мекендеріне де Сілеті өзенінен қауіп туып тұр», - деді В. Божко.

Астананы су басу қаупі турасын нақтылау барысында министр орынбасары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша әуежай маңында бөгет салынғанын, бұл қаланы кез келген су тасқынынан қорғай алатынын мәлімдеді.